Семейде ірі базардан шыққан өрт әлі сөнген жоқ
Полиция мен өрт сөндірушілер оқиға орнында қызмет етіп жатыр
Семейде түнде шыққан өрт әлі ауыздықталмады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, полиция мен өрт сөндірушілер оқиға орнында қызмет етіп жатыр.
«6 ақпанда «Ақшын» сауда үйінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Дабыл бойынша полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері түнгі сағат 3.00-ден бастап жанып жатқан ғимаратқа кіруге тырысқан азаматтар мен көліктерді эвакуациялады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта 300-ден астам полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті күзетіп жатыр. Ғимарат қоршауға алынды, іргелес көшелерде көлік қозғалысы тоқтатылды.
«Тәртіп сақшылары құтқарушыларға көмектесіп жатыр. Периметр бойынша полиция нарядтары күшейтілді. Алайда оқиға орнында өрт сөндірушілерге жалынды тоқтату жұмыстарын атқаруға кедергі келтіріп жатқан адамдар аз емес», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Семейде ең ірі киім базары түн жарымында өртке оранғанын хабарлаған болатынбыз.