$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.04.2020, 16:14
Оқиғалар

Нұр-Сұлтанда ерікті сарбаздар тұрғын үйлерге қалай дезинфекция жүргізеді?

Сарбаздардың жұмысты бастағанына төрт күн болды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қаулысы бойынша 100 әскери міндетті запастағы офицерлер, сержанттар мен сарбаздар Аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына шақырылған болатын. Azattyq Ruhy тілшісі еріктілермен сұхбаттасып, Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлерге дезинфекция қалай жүргізіліп жатқанын өз көзімен көріп қайтты. 

Бізді қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бес дүркін рекордшысы Тимур Сыпатаев қарсы алды. Қарамағындағы 12 сарбазымен бірге олар Сарыарқа және Есіл аудандарындағы тұрғын үйлердің дезинфекция жұмыстарына жауап береді.

«Президент Жарлығы шыққан соң Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс департаментіне өз еркіммен келдім. Мен сияқты еріктілер саны қала бойынша 100 адамды құрайды. Еліміз үшін, үйде отырған ұрпағымызға қызмет жасау үшін келіп жатырмыз. Біздің мақсат –  қазіргі әлемде болып жатқан коронавируспен күресу. Бізге дезинфекция жүргізу жұмысын бөліп берді. Есіл, Сарыарқа ауданы бойынша қарамағымдағы 12 адам дезинфекция жұмыстарына жауаптымыз. Адамдардың подъезден қалай кіріп-шығып жатқанын бақылап, күн сайын дезинфекция жүргізіп тұрамыз»,- дейді ол.

Еріктілер қатарына қосылған Тимур уақытша әскери қызметі аяқталғанша қауіпсіздік шарасын сақтау үшін үйіне бармай, жеке пәтер жалдап жүр. 

«Жұмысымыз таңғы сағат 9:00-де басталып, кешкі сағат 18:00-де аяқталады. Жұмыс аяқталған соң жалдаған пәтерімізге барамыз. Бізге түскі ас беріледі, кешкі ас өзімізден. Дезинфекцияға арналған сұйықтықты мамандар өздері дайындап береді. Жұмыс аса ауыр емес.  Сақтық шараларын сақтау қажет, үйде бала-шағам, ата-анам бар дегендей. Сол себепті, қазір 4 жігіт  пәтер жалдап, бірге тұрып жатырмыз. Біз соғысқа аттанып, аспаннан оқ жаудырып жатқанымыз жоқ. Бұл біздің басымызға туған уақытша қиындық. Үйде отырған азаматтарға денсаулық пен шыдам тілеймін», - деді ол.

Қорғаныс құрамына өз еркімен келгендердің бірі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, запастағы сарбаз Айбек Қарабекұлы. Ол елдегі жағдайды көргеннен кейін үйде отырмай, ел үшін қолдан келгенше қызмет етуді жөн көргенін айтты.

«Ел Президентінің «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы»  Жарлығынан кейін елімізде болып жатқан жағдайда азаматтық көмегімізді көрсету үшін өз еркімізбен әскери жиындарға қатысуға өтініш білдіріп келіп отырмыз. Ел болып бірігіп, әсіресе жастар жағы бір кісідей атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Жұмыс біз үшін аса қиын емес, қауіпсіздік шараларының бәрі сақталған», - деді ол. 

Айта кетейік, әскери міндеттілер жиынға шақырылған уақытына Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет жөәне әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның талаптарына сәйкес ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі мәртебесіне ие болады және олар әлеуметтік саладағы барлық жеңілдіктерге ие болады, сонымен бірге тамақ, киім-кешекпен және медициналық қамтамассыз етіледі. Одан басқа, жиын уақытында әскери қызметшінің жұмыс орыны мен лауазымы сақталады. Мемлекет есебінен орта айлық, ал жұмыссыздарға ең аз еңбекақы мөлшері төленеді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары