$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.04.2020, 15:18
Оқиғалар

«Төңкерісте» 122 адам карантинде жатыр: індет жайлаған ауылдың айналасын қазып тастады

Коршауда қалған ауылда жағдай қиын

«Төңкерісте» 122 адам карантинде жатыр: індет жайлаған ауылдың айналасын қазып тастады

Қызылорда облысы Шиелі ауданы Төңкеріс ауылдық округінің орталығы Шеген Қодаманов ауылы эпидемия ошағына айналды. Еліміздегі ауылдардың ішінде қатерлі вирусты ең көп жұқтырған осы елдімекен тұрғындары екені белгілі болды. Azattyq Rýhy тілшісі ауылдағы жағдайды білу үшін тұрғындармен тілдесіп, тиісті мекемелердің өкілдерін сөзге тартқан еді.

АУЫЛДА 122 АДАМ КАРАНТИНДЕ ЖАТЫР

Қодаманов ауылында 3092 адам өмір сүреді. Елдімекен аудан орталығы – Шиелі кентінен шығысқа қарай 14 шақырым жерде орналасқан. Ауылда  800 балаға арналған орта мектеп, клуб, кітапхана және фельдшерлік-акушерлік пункт бар.

Қызылорда өңірі елде COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша 3 орынға шықты. Көрсеткіш бойынша Алматы қаласын өкшелеп келе жатқан облыста қазір 104 адамнан инфекция анықталды. Аймақта, оның ішінде Шиелі ауданының өзінен ғана дәл осы кезде 55 науқас тіркелді.

Скриншот. «KYZYLORDA-NEWS.KZ» ақпарат агенттігі

Шеген Қодаманов ауылында дәл қазір не болып жатыр деген сұрақты Қызылорда облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметовтен сұрап білдік. Басқарма басшысының айтуынша, Балаби ауылынан - 6 адам, Ортақшыл ауылы -1 адам, Жиделі аулынан -1 адам, Шиеліден (аудан орталығы - авт.) - 2 адам, ал Қодаманов аулынан соңғы дерек бойынша 45 адамнан вирус шықты.

«Төңкеріс ауылдық округінің орталығы Қодамнов ауылы жеке карантинге алынды. Барлық азаматтардың үйден шықпауын қатаң қадағалап отырмыз. Азық-түлікпен, қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін әкімшілік айналысып жатыр. Сол жерде қарым-қатынаста болған азаматтардың барлығын стационарға оқшауладық. Олардың саны 122 адам. Барлығынан тест алынып, қазіргі уақытта 45-і  коронавирустан ем алып жатыр. Оның ішінде, Қызылорда қаласындағы инфекциялық ауруханаға індетті ауылға алып келген қыз бен оның отбасы мүшелері жеткізілді», - дейді   Ж. Әбдусәметов.

 ВИРУС СТУДЕНТ ҚЫЗДАН ТАРАДЫ

Облыс атқамінерлерінің айтуынша, ауылға қауіпті инфекция Петропавл қаласында оқитын студент қызбен бірге келген. Ол пойыз арқылы Нұр-Сұлтан қаласына тоқтаған, содан кейін елордадан Қызылорда облысының орталығына 30 наурыз күні билет алған. Алайда, жолаушы 23 наурыз күні Қодаманов ауылындағы әке-шешесінің үйіне келіп алған. Дәрігерлер оны кеш бақылауға алғандықтан, ауылға ауру тарап үлгерген деген қортындыға келіп отыр.

«Студент қыз Петропавлдан келе жатқанда Түркістан облысында анықталған науқаспен бірге бір купеде отырған. Десе де, оның нақты кімнен жұқтырғанын біле алмадық. Мүмкін, Нұр-Сұлтан қаласына тоқтағанда жұқтырған шығар. Негізі, ол ауылға 23 наурызда келіп алыпты.

Бізге көліктік желі бойынша берілген ақпаратта пойызға алынған билетімен 30 наурызда келуі керек еді. Біз оны тауып, сараптама өткізіп, оның қорытындысын 4 сәуірде алғанда, ауру анықталып отыр ғой. Қазіргі айтылып отырған 44 науқастың барлығы осы қызбен қарым-қатынаста болған. Оның ішінде, 7 адам отбасы мүшелері. Қалғандары – құрбылары, туыстары өзге де ауыл тұрғындары»,- дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

АУЫЛДА АЗЫҚ ТА, ӘКІМ ДЕ ЖОҚ  

Қодаманов ауылынан қазір 122 адам стационарлық карантинде жатыр. Олардың ешқайсысынан әзірге инфекция анықталмаған. Бірақ оның барлығы тәртіп бойынша 14 күндік карантинде жатады. Ауыл тұрғыны Фатима Даниярова дәл қазіргі елдімекендегі жағдайды суреттеп берді. Қодамановтағы шағын дүкендердің бірінің иесі тұрғындардың дені көпбалалы отбасылар, сондықтан азық-түлік жағынан көмектер керек екенін айтады. Дүкен иесіне де сауда жасауға тыйым салған. Ал ауылдан карантинге жатқызылған 100-ден астам адамның көбінің малы мен отбасы мүшелері қараусыз қалғанын айтады.

Фото: Фатима Даниярова

« Біз ауылда негізінен, малмен жан бағып отырмыз. Малымыз қараусыз қалды.  Кейбіреулердің малы ауыл сыртында  жүреді, арқандаулы тұрған жерінен де алып келе алмадық. Себебі, ешкімді жібермейді, кіргізбейді. Ауылда көптеген отбасылар көпбалалы, ұндары да жоқ, азық-түліктері таусылып жатқандары бар, олар Watsapp желісіндегі ортақ чатта жазып жатыр. Мен дүкенімнен ондай отбасыларға қарыз беруге дайынмын. Бұрынғыдай пенсияға болса да жазып беремін. Бірақ ешкімді жібермей отыр», - дейді ауыл тұрғыны.

Телефон арқылы сұхбат берген тұрғын ауылдың басқарусыз қалғанын айтады. Әйелдің айтуынша, 25 наурызда ауылдың әкімі қайын ағасының үйіне келін түсіргені үшін жұмысынан шығарылған. Тұрғындар оның жұмысына қайта оралуын талап етпек.  

«Ауылда 25 наурызда бұрынғы әкімнің үйінде жиын болған. Ол қыз сонда болған деген ақпарат бар. Содан соң олар 28 наурызда тағы жиын жасаған, 30-шы наурызда тағы  да бас қосқан көрінеді. Ауыл әкімі қайын ағасының үйіне келін әкелген екен. Сол үшін алып тастады. Негізі, ауылымызда 6-7 медицина қызметкері бар. Олар әлгі қызды сырттан келген соң, бірден тексеріп, дер кезінде қимылдап, анализ алғанда, мұндай жағдай болмас еді», - дейді Фатима Даниярова.

АУЫЛ АЙНАЛАСЫН ҚАЗЫП ЖАТЫР

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов Қодаманов ауылының айналасы түгелдей қазылып жатқанын айтады. Ол ауыл тұрғындарының басқа жолдармен кіріп-шығуының алдын алу үшін жасалып жатқан шара екен. Ал негізгі екі жолға блок-бекет қойылды. Ауылды жеке құрамның 14 полицейі және 10 арнайы жасақ күзетіп тұр.

«Ауылға кіріп-шығатын түрлі жол бар. Солардан ел шығып кетпес үшін айналдыра қаздырып жатырмыз.  Ал ауылдың ішіндегі тұрғындардың үйден кіріп-шықпауын бақылау үшін 4 полиция экипажы патрульдік қызмет атқарып жатыр. Олар дыбыс күшейткіш құрылғымен ауылды аралап, түсіндіру шараларын жүрігізеді. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігіне қарасты 20 әскери қызметкер дезинфекция шараларын жүргізу үшін Шиелі ауданында жұмыс істеп жатыр», - дейді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары.

 Жалпы, Қызылорда облысында науқастармен қатынаста болғандардың бүгінгі күнге дейін анықталғаны –1 144 адам. Олардың ішінде тығыз қатынаста болған 471 адам ауруханаға карантинге жатқызылса, 673 адам үйден бақылауға алынған.

Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтында Ұлттық сараптама орталығына бүгінге дейін 1 634 сынама жолданғаны, оның 92-і оң, 1 410-ы теріс нәтиже көрсеткені, қалған 132 сынаманың нәтижесі күтілуде екені жазылған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары