Майқайыңдағы апат: құтқарушылар басын қауіпке тігіп жұмыс істеп жатыр
Опырылған жердің түбінен қосалқы дөңгелек пен автобустың басқа бөліктері табылды
«Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы опырылған жердің түбінде ірі тас толығымен бөлшектелді. Оның ұзындығы 8 метрді, ені 7 метрді, қалыңдығы шамамен 2 метрді құрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, экскаваторлар топырақ пен тау жыныстарын қайта экскавациялау жұмысы жалғасып жатыр. Опырылған жердің түпкі жағында басқа да үлкен тастар бар. Сонымен қатар оларды экскаватор гидравликалық балғаның көмегімен бөлшектейтін болады.
29 қаңтарда опырылған жердің түбінен қосалқы дөңгелек пен автобустың басқа бөліктері табылды. Жұмыс жалғасуда.
«Опырылған жердің түпкі жағында операцияны жүргізуге солтүстік беткейде бір экскаватор, гидравликалық балға саптамасы бар бір экскаватор, тролльдерді созуға екі бульдозер, экскаваторларды сақтандыруға екі бульдозер, Павлодар облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының 15 құтқарушысы, КӘАҚҚ РОШ 15 құтқарушысы, 2 тау-кен инженері жұмылдырылды», - делінген хабарламада.
Топырақтың тұрақсыздығына, мүмкін бос жерлерге және топырақ пен тау жыныстарының үнемі сырғуына байланысты опырылған жердің түбіндегі жұмыстарға көп техникалар мен мамандарды тарту мүмкін емес. Құтқарушылардың өміріне үлкен қауіп төніп тұр. Сондықтан бір немесе екі шағын экскаватор және техниканың бағытын үйлестіру үшін бірнеше маман түбіне түседі, қалғандары жиегінен қызметкерлерді сақтандыру кабельдерінің көмегімен шығарып алу үшін шетінен сақтандырылады.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы 138 адам, 40 бірлік техника, 3 кинологиялық есептоп және 2 дрон жұмылдырылды.
Еске салсақ, шахтадан шақырту алып түн ішінде келген кәсіби апаттан құтқару жасағы мінген автобус кенішке жақындағанда жер опырылып кетіп, 150 метрлік тереңдікке құлап кеткен еді. Автобуста болған төрт адамның екеуінің мәйіті табылып жер қойнына тапсырылды. Тағы екі адам мен автобус әлі жоқ. Іздестіру 4 қаңтардан бері тоқтаусыз жүріп жатыр.