Аса ірі көлемде пара алған күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды

Azattyq Rýhy

Оңан халықаралық іздеу жарияланған болатын

 

Аса ірі көлемде пара алған күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды
Видеодан кадр

Бүгін Қазақстан прокуратурасының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігі мен ІІМ Интерполының көмегімен аса ірі көлемде пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Грузиядан азаматты экстрадициялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері бола тұра, 2022 жылдың қаңтар-тамызы аралығында Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пункті арқылы ауыр жүк көліктерінің кедергісіз өтуіне көмек көрсеткені үшін кәсіпкерлік субъектілерінен 37,5 млн теңге көлемінде пара алған деп күдіктеледі», - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Қылмысты жасағаннан кейін күдікті тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

«2023 жылдың қазан айында ол Грузияда ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды», - делінген хабарламада.

Айып тағылып отырған қылмысы үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін еске саламыз.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.