Атырауда мұз ойығы арқылы суға түсіп кеткен жасөспірімді құтқарылды
Денесі қатты суықтаған жасөспірім мән-жайды түсіндіре алмады

Атырау қаласында орталыққа жақын Жайық жағалауында қыз баланың мұз ойылып суға түсіп кеткендігі жөнінде хабарлама түскен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Хабарлама бойынша Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері дереу оқиға орнына жеткен. Мұз ойығынан басы ғана көрінген адамның әйел адам екендігін дауысынан ғана айырған полицейлер құтқаруға бірден кіріскен.
«Полиция қызметкері Жанарыс Ғапу беліне арқан жіп байлап мұз үстімен жасөспірімге қарай беттеді. Әріптесі Мерей Құрманғазы оған көмектесу үшін жіп бойымен бірге жүрді. Өзге полицейлер жағада Жанарыс Ғапуды суға батып бара жатқан қыз баламен бірге тартып шығаруға дайын тұрды», - делінген хабарламада.
Аяқ асты адам өміріне араша түскен полицейлердің қырағылығы мен ептілігі нәтижесінде жасөспірім жағаға шығарылып жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Денесі қатты суықтаған жасөспірім мән-жайды түсіндіре алмады. Жедел-тергеу тобы тиісті шараларды бастап кетті.