Алматы облысында өтініш жазған 200 жігіттің 78-і ғана әскерге жарамды болып шықты
Іріктелген сарбаздар карантинге жабылған үйді күзетеді
Алматы облысында әскерге шақырылғандардың тең жартысынан астамының денсаулығы жарамсыз болып шықты. ТЖ кезінде әскери қызмет атқаруға 200 астам жігіт өтініш берсе, олардың 78 ғана медициналық тексеруден сүрінбей өткен. Әскери қызметке шақырылған жігіттер бүгін алғашқы жұмыс күндерін бастады. Олар Қарасай ауданының аумағында орналасқан «Асыл Арман» тұрғын үй кешенін күзетеді. 5 мыңнан астам пәтерлі 21 көпқабатты үй карантинге жабылған. Екі адамнан коронавирус инфекциясы табылған «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде 22 мың халық тұрады.
«200-ден астам өтініш білдірген әскери міндеттілердің ішінен 78 азамат денсаулықтарының жарамдылығы мен отбасылық жағдайларына байланысты арнайы іріктеліп алынды. Барлығы да өз еркімен келген айбынды азаматтар», - делінген Алматы облысы әкімдігің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Іріктеліп алынған азаматтар індет анықталған өңірде жұмыс жасайды. 78 жігіт әскери казармада 3 айға дейін тұрады.
«Ел үмітін атқаратын ерлеріміз Әскери қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен тізім бойынша түгенделіп, Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне орналастырылды. Өйткені, дәл осы орталық азаматтарымыз үшін арнайы казарма ретінде жабдықталған. Келе сала әрбірі құжаттарын өткізіп, әскери формаларын түгендеп, темірдей тәртіпке қайта оралды», - делінген ақпараттық хабарламада.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 сәуірде «әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру» туралы Жарлық шығарған болатын.