Атырау облысында оқушы «жарылғыш зат» туралы хабарлама берген
Оқушы Telegram-чатта құрдасымен әңгімелесу барысында сөзге келіспей қалғандықтан осындай әрекетке барған

Атырауда жасөспірім араздасып қалған құрдасының атынан полицияға «жарылғыш зат» туралы хабарлама берген. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚК департаментінің терроризмге қарсы орталығымен бірлесіп, Атырау облысы Жылыой ауданының мектебінде жарылғыш зат туралы жалған хабарлама жолдаған аудандық мектептің бірінің 9-сынып оқушысын анықтады.
«Жасөспірім полицейлерге мессенджерде анонимді аккаунт ашып, одан дабыл сигналын жолдағанын айтты. Оқушы Telegram-чатта құрдасымен әңгімелесу барысында сөзге келіспей қалғандықтан осындай әрекетке барған көрінеді. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар ата-анасының үстінен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 127-бабы бойынша ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік материал жинақталды» - делінген хабарламада.