Алматы облысында ер адам өзі тонамақ болған үйдің ішінде ұйықтап қалған
Ер адам үй иесінің жинап қойған ішімдіктері мен тәттілерін ішіп-жеп, масайып қалған
Өзгенің үйіне кіріп, ішімдік ішкен күдікті қылмыс орнында ұйықтап қалып ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Қарасай ауданының Полиция басқармасының кезекші бөліміне Жаңатұрмыс ауылының 30 жастағы тұрғынының үйіне масаң күйдегі белгісіз адамның кіріп кеткені туралы хабар түскен.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жеке үйдің бірінші қабатында ұйықтап жатқан ер адамды ұстап, оның 45 жастағы жергілікті тұрғын екенін анықтаған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 149-бабының 2-тармағы бойынша тергеу басталды.
«Үй иесінің айтуынша, ол үйдің ауласында жүрген, ал оның анасы екінші қабатта үйді жинап жүрген. Үйіне кірген иесі төргі бөлмеде мас күйде ұйықтап жатқан «шақырылмаған қонақты» көрген. Ер адамның қонақ бөлмедегі үй иесінің жинап қойған алкогольдік ішімдіктерін, тәттілерін тауып алғаны және «заңсыз табысын» сол жерде ішіп-жегені белгілі болды. Масайып қалған ер адам өзі ұрлыққа келген үйдің ішінде ұйықтап қалған», - делінген ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Полицейлер оятқанда, масаң күйдегі азамат оқиғаның қалай болғанын және не үшін бұл үйге келгенін түсіндіре алмады. Есін жинаған күдікті сот шешімі шыққанға дейін мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.
Тұрғынжайға онда тұратын адамның еркiнен тыс кiру және ол жерде заңсыз тiнту жасау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 149-бабының 2-тармағына сәйкес, «шақырылмаған қонақ» сотта жауап беретін болады. Заңсыз әрекеті үшін ол айыппұл төлеуден бастап, екі жылға дейін бас бостандығынан шектелуі мүмкін.