Абай облысында қатты жел салдарынан ауыр жүк көлігі аударылып қалды
Тәртіп сақшылары көлікті жақын маңдағы елдімекенге дейін жеткізді
Абай облысында қатты жел салдарынан ауыр жүк көлігі аударылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Полиция мәліметінше, Омбы – Майқапшағай трассасының 913-шақырымында болған жол апатының бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған. Жүргізушіге полиция қызметкерлері Оразбаев пен Мұхамеджанов көмекке келген.
«Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі – Ресей Федерациясының азаматы жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермегенін, қатты желдің салдарынан көлік аударылып кеткенін түсіндірді», - делінген хабарламада.
Полицейлер ауыр жүк көлігін жолға шығара алатын тиегішті алу үшін ЖШС-лердің біріне жүгінді.
Кюветтен ауыр жүкті шығару операциясын толық сүйемелдей отырып, тәртіп сақшылары көлікті жақын маңдағы елдімекенге дейін жеткізді.