Қостанайда 42 тұрғын үй, мектеп және халықаралық әуежай жылусыз қалды
Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Қостанайда 42 тұрғын үй және мектеп пен әуежай жылусыз қалды. Аэропорт шағын ауданындағы жылу құбырлары жарылған. Салдарынан бірқатар нысан мен тұрғын үйге жылу беру тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қостанай жылу-энергетикасы» мемлекеттік кәсіпорны Герасимов көшесіндегі №4 тұрғын үйдің жанында жерасты жылу желісінің жарылғанын хабарлады.
«Герасимов көшесіндегі №4 тұрғын үйдің жанындағы жерасты жылу желісіндегі ұйытқуға байланысты 20 желтоқсанда сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін 42 көпқабатты тұрғын үйге, №29 орта мектеп және Халықаралық Қостанай әуежайының ғимараттарына жылу беру тоқтатылады», - деді «КТЭК» МКК әкімшілігі.
Компания жылусыз қалған Қостанай тұрғындарына жұмысты тезірек аяқтауға уәде берді.