Еліміздің бірнеше өңірінде жолдар жабылып, жолаушылар құтқарылды
Бірқатар өңірде ақтүтек боран соғып тұр
Еліміздің бірқатар өңірінде саршұнақ аяз көтеріліп, ақтүтек боран соғып тұр. Осыған байланысты жолдар жабылған. Дегенмен тәуекел етіп сапарға шығып кетіп, жолда қалғандар да бар. Оларды құтқару үшін төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қарағанды-Астана» тас жолының бойында жолда қалған Өзбекстан азаматтары құтқарылды. Сарыағаштан жолға шығып, елордаға жетпей сынған автобуста 20 шақты жолаушы болған. Тәртіп сақшылары оларды Осакаров ауданына дейін жеткізіп, жатын орын ішер тамақпен қамтамасыз етті.
«Жексенбі күні сағат кешкі сегізде автобуспен жүрдік. Өзбекстан азаматымыз. Бізге ыстық тамақ берді, жатын орынға орналастырды. Біз 25 адам едік, 8 адам Қарағандыға түсті. 17-міз осындамыз», - деді Өзбекстан Республикасының азаматы Әбубәкір Хаитов.
Қызылордалық полицейлер ауа-райының қолайсыздығына байланысты соңғы бір тәулікте 15 жүргізушіге көмек көрсетті. Ауа райы күрт суытып, боран соғып жолда қалып қойған. Кейбірінің жағармайлары қатып қалған. Бұған қоса «Қорқыт ата» әуежайы рейстер кешігуі мүмкін екендігін жолаушыларға ескертті, деп жазады qazaqstan.tv.
Түркістан облысында қатты боран салдарынан жолда қалғандар құтқарылды. Аймақта қазір ауы райының күрт суытуына байланысты мектептердің басым көпшілігі қашықтан білім алуға көшкен. «Шымкент–Тараз» автожолы және Түлкібас ауданында ішкі жолдар жабылған. Осы күрежол бойында қалған үш бірдей тойота альфард көлігінің жүргізушілері мен жолаушылары құтқарылған. Ал Бәйдібек ауданында кешеден бері бұрқасын жел тұрып, аяз болды. Салдарынан Түркістан облысы Бәйдібек пен Түлкібас аудандарының аумағы, Батыс-Еуропа Батыс-Қытай трассасы мен оған қосылатын елді мекендер жолдары жабылды. Бұл аумақтардан да бірнеше жеңіл көлік қар құрсауынан шығарылып, ақтүтекте адасып кеткен шопан да табылды.
Ақмола облысында қатты аязда жолда қалған 31 адам Көкшетау қаласындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Олардың екеуі бала. Барлығы Тәжікстан Республикасының азаматтары. Айта кетейік, Қазіргі таңда өңірде күн күрт суытты. Ауа температурасы -37 градусқа дейін төмендеді.