Жетісу облысында жедел жәрдем көлігі жүк көлігімен соқтығысты
Жол апатынан екі дәрігер зардап шекті
Жетісу облысында тасжолда жедел жәрдем көлігі жүк көлігімен соқтығысып, дәрігерлер жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы Алматы – Өскемен тасжолының 337-шақырымында болған.
«Ақсу ауданында «Мазда-626» жолаушылар көлігі, «КамАЗ» жүк көлігі және «JAC» минивэні (жедел жәрдем) соқтығысқан. Жол апатынан екі дәрігер зардап шегіп, түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің бірі кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді», - делінген хабарламада.
Көліктер арнайы тұраққа қойылды. Іс жүзінде қажетті сараптамалар тағайындалды.
Аудандық полицейлер жол апатының себебін анықтап жатыр
Облыстық полицейлер жүргізушілерге ауа райының нашарлағанын, жолда абай болуды ескертеді. Өңірде соңғы бірнеше тәулікте қалың қар жауып, боран соғып, көктайғақ болды.