$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.12.2023, 14:48
Оқиғалар

Жамбыл облысында өткен тәулікте 16 адам қар құрсауынан құтқарылды

ТЖД өкілдері қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады

Жамбыл облысында өткен тәулікте 16 адам қар құрсауынан құтқарылды
Фото: Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі

Жамбыл облысында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері ауа райына байланысты қиын жағдайға тап болып, көмек сұраған 16 адамды құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық ТЖД мәліметінше, 11 желтоқсанда сағат 21:59-да «112» нөміріне Жуалы ауданындағы Күйік асуы маңында  автокөлікке мінген 3 ер адам адасып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. 

Іздеу жұмыстарына Жамбыл облысы ТЖД Жуалы және Жамбыл аудандарының Төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері жұмылдырылды. Сағат 22: 40-та жоғалған азаматтар дін аман табылды. Медициналық көмекті қажет етпеді. Жоғалып табылған азаматтар өз кезегінде құтқарушылардың кәсіби шеберліктері үшін алғыс білдірді.

«12 желтоқсанда сағат 00:04-те Жамбыл ауданы Қаракемер ауылының маңында шопан кісіні іздеуге шығып, адасып кеткен ер және әйел адамдарды іздеуге көмек қажеттігі туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-құтқару жасағы құтқарушыларының күшімен жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» көлігінің көмегімен осы азаматтар түнгі сағат 02:50-де табылды. Медициналық көмекті  қажет етпеді» , -делінген хабарламада.

Сағат 00: 24-те Шу ауданы, Көлқайнар ауылының маңында жоғалған шопанды іздеуге көмек қажеттігі туралы хабарлама келіп түсті. Ер адамды іздеуге Шу ауданының ТЖ бөлімінің күштері, полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жедел аттанды. Қызметкерлердің шұғыл әрекеттерінің арқасында ер адам сағат 02:56-да табылды. Медициналық көмекті қажет етпеді. 

«Сағат 00: 28-де Тараз қаласынан 30 шақырым қашықтықта ер адам мен әйелден көмек сұрап қоңырау келіп түсті. Олар көлігімен фазендаға қарай бет алған. Көлік қар құрсауында қалып қойғандықтан, олар көліктерін тастап,  жаяу жүруге шешім қабылдаған. Бірақ адасып кеткен. Жедел-құтқару құтқарушылары жедел түрде оқиға орнына шығып, сағат 02:15-те адасқан адамдарды тапты. Олар да медициналық көмекті қажет етпеді», -делінген хабарламада.

Сағат 04:54-те Меркі ауданы маңындағы Алматы-Ташкент тас жолының бойында қалған 3 автокөлікке көмеқұтқарушылардың көмегі қажеттігі туралы хабарлама түсті. Көліктің салонында 8 адам бар. Оқиға орнына Меркі ауданының №9 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жедел барды.  Құтқарушылар азаматтарды жақын маңдағы елдімекенге жеткізді.

ТЖД өкілдері қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

«Ең басты және сенімді ереже – қарлы боран кезінде және көктайғақта жолға шығудан бас тарту қажет екендігін еске саламыз. Егер сапарды кейінге қалдыру мүмкін болмаған жағдайда, жылдамдық режимін төмендету екенін есте ұстаған жөн», - дейді мамандар.

Серіктес жаңалықтары