$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.04.2020, 18:10
Оқиғалар

Петропавлда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас ауруханадан шықты

Қалада 24 науқас тіркелген

Петропавлда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас ауруханадан шықты

Петропавлда коронавирус дертін жұқтырған алғашқы науқас сауығып, ауруханадан шығарылды. Ол наурыздың 24-і күні ауруханаға жатқызылған болатын. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында жұқпалы ауруға шалдыққан 25 адам тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалған 24 сырқаттың жағдай бірқалыпты. Олар Петропавл қаласындағы инфекциялық ауруханада тиісті ем алып жатыр. Ауруға шалдыққандардың қатарында 3 медицина қызметкері бар.

«Үйіне шығарылған сырқаттың соңғы сараптамасы оның коронавирусатан айыққанын көрсетті. Алайда алгоритмге сәйкес, ол 14 күн бойы үйде карантинде болады. Дәрігерлер оны қашықтан, телефон арқылы бақылайды», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Сұлтанғазиев.

Өңірде коронавирусқа шалдыққандар қатарында 87 жастағы зейнеткер де бар. Дәрігерлер оған тиісті емдік шаралар жасап жатыр. Онымен қарым-қатынаста болған азаматтар карантинге алынған.

«Бастапқыда науқастың ыстығы көтеріліп, жөтел қысты. Қазір жағдайы біршама жақсарып қалды. Дене қызуы бірқалыпты. Жалпы, сырқаттардың арасында жағдайы орташа немесе ауыры жоқ. Басым көпшілігі еш белгісіз – вирус тасымалдаушылар», - деді Сұлтанғазиев.

6 сәуірдегі жағдайға сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында инфекцияға шалдыққандармен қарым-қатынаста болған 1219 адам тіркелген. Оның 499-ы жақын және 720 адам потенциалдық деңгейге жатқызылды. Провизорлық стационарға алынғандар саны – 68 адам. Карантиндік стационарда 230 тұрғын жатыр. Соңғы екі тәулікте облыста коронавирусқа шалдыққандар тіркелген жоқ. Петропавл қаласы мен барлық аудан орталықтарында карантиндік режим жалғасуда.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары