Ақтауда бірнеше шағын аудан жылусыз қалды: қала әкімі тұрғындардан кешірім сұрады

Azattyq Rýhy

Шаһар басшысы апат болған жерге барып, жағдайды бақылауда ұстайтынын жеткізді

Ақтауда бірнеше шағын аудан жылусыз қалды: қала әкімі тұрғындардан кешірім сұрады
Фото ашық дереккөзден

Ақтау қаласында магистральдық жылу құбырында апаттық жағдай орын алып, бірнеше шағын аудан жылудан ажыратылды. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Каспий жылу, су арнасы» МКК хабарлағандай, бірнеше шағын аудандарды жылумен қамтитын магистральдық жылу құбырында апаттық жағдай орын алып, жылу беру уақытша шектелген болатын. Қала әкімі апат болған жерге барып, жағдайды бақылауда ұстайтынын жеткізді», - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қазіргі уақытта магистралдық құбырдағы ақауды мамандар жөндеп жатқанын, тұрғындардың сабырлық танытуын сұрады.

«Жоғары шағын аудандарды жылумен қамтитын магистралдық 800-дік құбырда ақау шықты. Коммуналдық қызметтер осында келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай менің бақылауымда», - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.

Қала әкімдігінің Facebook-тегі парақшасында жарияланған видеода шаһар басшысы ақау кеткен жерді көрсетіп, уақытша келтірілген қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұрады. Коммуналдық мамандар ақауды кешке дейін жөндеп, қалыпқа келтіруді жоспарлап отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.