Ақтаудағы екі баланың өлімі: пәтерге улы дәрі сепкен әйел бостандықта жүр

Azattyq Rýhy

Полиция сараптама қорытындысы дайын емес екенін мәлімдеді

Ақтаудағы екі баланың өлімі: пәтерге улы дәрі сепкен әйел бостандықта жүр
Ақтаудағы қайғылы оқиға болған үй. Фото: Lada.kz

Ақтауда 7-шағынауданда қандала улаймын деп, көршісінің екі баласының өліміне себепкер болған әйелге қатысты әлі ешқандай шара қолданылмаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Lada.kz жазуынша, Маңғыстау облыстық полиция департаменті сараптама қорытындысының әлі дайын емес екенін мәлімдеді.

«Сараптама нәтижесі шыққан соң ғана іс бойынша айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселе көтеріледі», - деді ПД өкілдері.

Балалар өліміне әкеп соққан дерек Маңғыстау облысының полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 3-бөлігімен «Екі немесе одан да көп адам өліміне әкеп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу» бойынша тіркелді.

Еске салайық, 21 қазанда 7-шағынаудандағы №14 үйде көршісі жүргізген дезинсекция жұмысы салдарынан бір отбасы уланып, оның соңы 2021 және 2022 жылы туған балалардың өлімімен аяқталған еді. Екі сәбидің өліміне себеп болған препарат Алматыдағы жайма базарлардың бірінен сатып алынған. Әйел 30-ға жуық дәріні үйіне сеуіп, көршілерін ескертпестен кетіп қалған.

«Балаларлың улануына «Аграм», «Би-58», «Ламбда-25», «Квикфос», сияқты дәрілер себеп болған», - деді Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлнар Күркінбаева.

Аталған препараттарды тұрғын үй-жайларда қолдануға қатаң тыйым салынады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.