Алматыда блок-бекеттен қашып өтпек болған жүргізуші полиция көлігіне соғылды

Апаттан полицейдің қос аяғы сынып кеткен

Оқиға бүгін Алатау ауданындағы №4 тексеру бекетінде болды. Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылының 50 жастағы тұрғыны «Тойота Ипсум» көлігімен блок-бекетті бұзып өткен. Бекеттен қашып шыққанымен, жүргіузші жолдың шетінде тұрған «Киа» полиция қызметтік көлігін, «Лада Приора» және «Тойоту Камри» көліктерін барып соққан.

Полицияның қызметтік көлігінде отырған тәртіп сақшысы Мереке Отарғазының екі аяғы бірдей сынды.

«Жарақат алған полицей шұғыл ауруханаға жеткізілді. Минивэннің тізгінінде мас жүргізуші болған. Оның алкоголь немесе есірткі пайдаланғаны медициналық тексерістен соң белгілі болады. Тексеру бекетінде адам көп болғанына қарамастан, басқа азаматтар зардап шеккен жоқ. Бұл жерде бірнеше бөлімнің өкілдері кезекшілік қызмет атқарып жатыр», - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Тәртіпке бағынбаған жүргізуішінің үстінен ҚР ҚК 345-бабының 1-бөлімімен іс қозғалды. Істі Алматы облысының тергеушілері жүргізеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.