«24 млрд теңге төлейді»: Жамбылдағы жарылысқа кінәлі деп танылған сарбаздар ұзақ жылға сотталды

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Сот үкімі бойынша әскери қызметшілер ақталып шықты

 

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Жамбыл облысының әскери бөлімдегі жарылысқа нүкте қойылды. Екі жылдан астам уақытқа созылған резонанстық сот процесі Шымкент әскери сотында аяқталды. Сот үкімін айыпталушылардың туыстары бір сағаттан астам уақыт тыңдады. Байзақ ауданындағы жарылысқа айыпты деп танылған 2 сарбаз ұзақ уақытқа сотталып кетті, деп хабарлайды Оtyrar.kz сілтеме жасаған Azattyq Ruhy.

Қылмыстық іс құжаты 800 томнан асады. Сот барысында 300-ге жуық жәбірленуші мен куәгерлер тыңдалды. Сот үкімімен кейбір әскери қызметші кінәлі емес деп танылып, ақталып шықты.

«Ерлан Бошай мен Берік Омарбеков кінәсіз деп танылып, 453-бап бойынша толық ақталды. Аслан Бақытжанов 462-баптың 3-бөлігі бойынша ақталды, бірақ 453-баптың 2-бөлігі бойынша сотталды, алайда 74-баптың тармағына сәйкес жазасын өтемейді, сондай-ақ 49-бап бойынша подполковник атағынан айырылды. Руслан Несіпқалиев 462-баптың 3-бөлігі бойынша кінәсіз деп танылды және ақталды, 453-баптың 2-бөлігі бойынша Несіпқалиев сотталды, бірақ 74-баптың арқасында жазасын өтемейді. Ол сондай-ақ 49-бап бойынша подполковник шенінен айырылды», - деді Шымкент қалалық гарнизоны әскери сотының судьясы Бөрлібай Қайыпов.

Ал екі сарбаз қауіпсіздігі орташа колонияда 9 жыл жазасын өтейді. Олар сондай-ақ сот үкімімен 24 млрд теңге көлемінде залал төлеуге міндеттелді.

«Ерболат Тұранов 459-баптың 1-бөлігі бойынша сотталды, бірақ 70-бап бойынша бұл жазасын өтемейді, ол 202-баптың 1-бөлігі бойынша сотталды және орташа қауіпсіздік колониясында 9 жылын өтейді. Әсет Әшірбай 459-баптың 2-бөлігі бойынша сотталды, бірақ 70-бап бойынша бұл жазасын өтемейді. Ол 202-баптың 1,2-бөлігі бойынша сотталды және қауіпсіздігі орташа колониянда 9 жылын өткізеді. Тұранов пен Әшірбайға 24 млрд 583 млн 939 мың теңге көлемінде шығын төлеуге үкім шығарылды», - деді судья Қайыпов.

Еске салайық, 2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысында ҚРҚорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімнің аумағында оқ-дәрі қоймасында өрт шығып, артынша алапат жарылысқа қласқан болатын. Жарылыс әсерінен шашылған снарядтар екі шақырымға дейін жеткен. Алдын ала мәлімет бойынша қоймада 500 тоннадан астам тротил сақталған. Кейін бұл қоймада Арыс қаласынан алынған оқ-дәрілер болғаны анықталды.

Жарылыс болған жерге жақын маңда тұрғын үйлер, дәмхана, қонақүй мен техникалық қызмет көрсету станциясы орналасан. Жарылыс толқынынан кейбір ғимараттың шатыры ұшып, барлық ғимараттың терезесі сынған.

Қайғылы оқиға 17 адамның – өрт сөндірушілер мен әскерилердің өмірін қиды. Бір сарбаз із-түзсіз жоғалып кетті. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.