Жамбылдағы жарылыс: Дәуітбаевті іздестіру тоқтатылған жоқ
Апаттан 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жарақат алған
Тараз маңындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде із-түзсіз жоғалған сержантты іздестіру жұмыстары тоқтатылған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап. Бұл туралы қорғаныс минстрінің орынбасары Руслан Шпекбаев мәлімдеді.
Іздестіру жұмыстарына Ұлттық Ұлан сарбаздары да қосылыпты.
«Сержант Дәуітбаевты іздестіру тоқтатылған жоқ. Оған қарулы күштердің әскерилері ғана емес, Ұлттық Ұлан сарбаздары да қатысып жатыр. Әскери қойманың аумағын толық қарап шықты. Бәлкім, бірдеңе шығып қалатын шығар деп, ол жердегі топырақты електен өткізіп, қандай да дәлелдерді табуға тырысып жатыр», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев.
34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев әскери бөлімінің өртке қарсы қызметінде еңбек еткен. Ол әскери қоймада тұтанған отты сөндіруге алғашқылардың бірі болып жетіпті. Тергеу барысында оны жарылған қойманың маңынан көргендер анықталған. Сержант жарылыс кезінде ми жарақатын алып, басы ауған жаққа қашып кетті деген болжам да айтылады. Қорғаныс министрлігіндегілер аяқ жеткен жердің бәрін шолып шықтық дейді.
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша оқ-дәрі жарылды. Апаттан 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жарақат алған.