Қазақстанда коронавирус індетінен екінші адам көз жұмды

Ол бір айға жуық уақыт ауырып, медициналық көмекке жүгінбеген

Қазақстанда коронавирус індетінен екінші адам көз жұмды

Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус індетінен 1 адам көз жұмды. Бұл қауіпті індеттен қайтыс болған Қазақстандағы 2-ші жағдай. Бұл туралы елордалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты.

«Көз жұмған науқастың жасы 50-де. Ол 2020 жылдың 21 наурызында жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Ол бір айға жуық уақыт ауырып, медициналық көмекке жүгінбеген. Жұмыс барысымен жиі іссапарда болған. Онымен байланыста болған әріптестері мен туыстары, барлығы 31 адам ауруханаға жатқызылды. Кейін оның жақын екі отбасы мүшесінен де коронавирус анықталған», - деді ол.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысының мәлімдемесінен кейін коронавирустан көз жұмған марқұмға байланысты қосымша ақпаратты www.coronavirus2020.kz порталы да жариялады. 

«Науқас келіп түскенде оның жағдайы ауыр болды. Тынысы тарылып, оған екі жақты пневмония диагнозы қойылған. Келіп түскен сәтінен бастап созылмалы ауруларының кесірінен пациенттің жағдайы асқына берді. Онда қант диабетінің инсулинге тәуелді түрі, күретамырларының қысымы жоғары болған. 2020 жылдың 22 наурызында жансақтау және шұғыл терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Диагностика кезінде коронавирус инфекциясы расталған. Коронавирус инфекциясының диагностикасы мен емдеу бойынша клиникалық хаттамасына сәйкес ем қабылдаған. Күн сайын сала мамандарын, соның ішінде Астана медициналық университеті кафедраларының қызметкерлерін тарта отырып консилиумдар өткізілді. Шұғыл терапияға қарамастан, тыныс алу, жүрек және бүйрек функцияларының жетіспеушілігі белгілері артқан. 2020 жылдың 31 наурызында сағат 03.30-да науқастың жүрегі тоқтады», - делінген хабарламада.

Соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 325 адамға жетті. Ал, қауіпті індеттен айыққандар саны – 22 адам.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.