Астанада 14 жастағы жасөспірім көпқабатты үйдің терезесінен құлап көз жұмды
Қайғылы оқиға «Триумф Астана» тұрғын үй кешенінде болған
Астанада көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен 14 жастағы жасөспірім көз жұмды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 20 қыркүйекте «Триумф Астана» тұрғын үй кешенінде болған.
«102» нөміріне көпқабатты 14 жастағы жасөспірімнің құлап кеткені туралы хабар түскен. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция өкілдері тек ресми ақпаратқа сүйенуді, тергеу мүддесі үшін басқа деректер жария етілмейтінін мәлімдеді.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде жасөспірімнің елордадағы №17 гимназияда оқығанын, оның өз қатарластары тарапынан булллингке ұшырағаны туралы ақпарат тарады.