Шымкентте бұрынғы әріптестерінің атына 8,5 млн теңге несие рәсімдеген азамат ұсталды
Жедел уәкілдер 33 жастағы күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді
Шымкентте бұрынғы әріптестерінің атына 8,5 млн теңгеден астам несие рәсімдеген азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әл-Фараби аудандық полициясы жергілікті тұрғынның арызы бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғады.
Әйелдің айтуынша, танысы телефонын уақытша сұрап алып, оның атына 3,5 миллион теңге көлемінде онлайн несие рәсімдеген. Ал ол қарызы туралы банктен төлем жасау жөнінде хабарлама келгенде білген. Күдікті мен жәбірленуші бұған дейін жеке секторда жалданып жұмыс істеген бұрынғы әріптестер болып шықты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер 33 жастағы күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді.
Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Ер адам бұрынғы үш әріптесінің сенімін асыра пайдаланған. Олардың смартфондары арқылы алаяқ жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам несие алған. Тергеушілер оның алаяқтық әрекетінен зардап шеккендердің саны көп болуы мүмкін екенін атап өтті.
Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.