ШұғылӨлім жазасынан бас тарту үшін Ата заңға өзгеріс енгізу қажет емес – Тоқаев

Коронавирус жұқтырған атыраулықтар шетелден келген

Бірі Амстердам, бірі Ыстамбұлдан оралған

Бұл жайында  өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов мәлім етті. Оның айтуынша, науқастардың екеуі шетелден келсе, біреуі өңірге Нұр-Сұлтан қаласынан оралған.

«Бірінші науқас 21 наурыз күні Нұр-Сұлтаннан Атырауға келген. 26 наурыз күні тұмау белгілері болғаннан кейін анализ тапсырған. Нәтижесінде инфекция жұқтырғаны анықталды. Екінші науқас 17 наурызда Ыстамбұлдан Алматыға, кейін Атырауға ұшқан. Нұр-Сұлтан қаласында Ыстамбұлдан Алматыға келгендер арасында вирус жұқтырған бір адам анықталғанын білесіздер. Соған байланысты біз кеше (Ыстамбұлдан ұшып келген адамнан - авт.) анализ алдық. Нәтижесінде вирус жұқтырғаны анықталды», - деді басқарма басшысы.

Ал, коронавирусқа шалдыққан үшінші атыраулық тұрғын кеше Амстердамнан ұшып келген. Сол мезетте карантинге жатқызылып, тиісті анализ алынған. Бүгін оның індет жұқтырғаны белгілі болды.

«Үш науқастың да қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Тиісті протоколға сай емдеуге жатқызылып, ем-дом шаралары жасалып жатыр. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда», - деді Байтолла Ғазизов.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан