Алматыда 72 бала карантинде жатыр
Індет жұқтырған бір әйел мен бір баланың жағдайы ауыр
Бір күн бұрын карантинде 56 бала болса, қазір олардың саны 72 көбейген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Алматы қаласында коронавирус жұқтырған пациенттердің саны – 48. Қалалық жұқпалы аурулар стационарларында 47 пациент жатыр және 1 науқас сауығып, кеше үйіне шықты.
Жаңадан анықталған бес адамның төртеуі 26 наурызда Минск – Алматы рейсімен ұшып келді, екеуі 26 наурызда Мәскеу – Алматы рейсімен елге жеткен.
Ауырғандардың бірі 15 наурызда Ыстамбул – Алматы рейсімен ұшып келген. 18 наурызда жақын байланыс жасаушы ретінде оқшауланып, алғашқы тест теріс шыққанымен, 26 наурызда қайта алынған талдау оң нәтиже көрсеткен.
Жалпы, 45 науқастың жай-күйі – қанағаттанарлық. Ал өкпенің жасанды тыныс алу аппаратына қосылған 1 әйелдің жағдайы ауыр. Дәрігерлер тағы 1 баланың халі ауыр деп отыр.
«Кеше сауығып, үйіне шыққан пациент енді емхана қызметкерлерінің 14 күндік бақылауында болады. Қазіргі уақытта провизорлық орталықтарда 1099 адам бар, оның 72-і – бала. Карантиндік орталықтарда 471 адам бар. Үй карантинінде 2037 адам бар. Карантиндегі барлық адамның дене температурасы қалыпты. Катаралдық симптомдары жоқ», - деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Айта кету керек, елге шетелден ұшып келген кез келген адам тексерілу үшін екі күндік карантинге алынады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы