$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.09.2023, 10:34
Оқиғалар

Алматыда монша кешенінен өрт шықты

Өрттің тез таралуына ғимараттың ағаштан жасалғаны себеп болды

Алматыда монша кешенінен өрт шықты
Фото: Алматы қалалық ТЖД

Алматыда жұмыс істемей тұрған монша кешені өртке оранды. Бұл туралы Алматы қалалық ТЖД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметінше, өрт сөндірушілер 2 қыркүйек күні сағат 23:13-те жоғары дабыл белгісімен Бостандық ауданы «Нұрлы тау» шағынауданы, Нұртазин, 1 мекенжайына шыққан.

Оқиға орнына жеткенде монша кешенінің 600 шаршы метр аумақта салынып жатқан екі қабатты ғимаратынан от шыққаны анықталды. Өртенген ғимарат құлай бастаған.

Өрттің тез таралуына ғимараттың ағаштан жасалғаны себеп болды. Сондай-ақ өрттің екі тұрғын үйге таралу қаупі туды.

«Оқиға орнында штаб пен сөндірілетін екі учаске құрылды. Өрт сөндіру және көршілес үйлерді өрттен қорғау үшін оқпандар енгізілді. Өрт сөндірушілер қауіпсіздік ережесіне сәйкес жұмыс істеді. РЭС-5 электриктері нысанды тоқтан ажыратты. Өрт болған жер «суы аз» аумақ болған соң тілсіз жаумен күрес қиынға соқты. Алайда су үздіксіз берілді. Сонымен қатар, «Алматы Су» мекемесінің техникасы жұмылдырылды», - делінген хабарламада.

Жалынды ауыздықтауға 66 адам, 22 техника жұмылдырылды.

Өрт сағат 00:27-де оқшауланып, 01:20-да сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар болған жоқ.

Монша кешенінің айтарлықтай бөлігі өрттен аман қалды.

Полиция қызметкерлері өрт болған жерді қоршауға алып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.

Серіктес жаңалықтары