Қапшағайда дрифт ұйымдастырған екі жігіт ұсталды

Олар түн ортасында автокөлікпен жарысқан

Төтенше жағдайды елемеген қапшағайлықтар автокөлік жарысын ұйымдастырған. Тіпті, елірген жігіттер командаға өзге жүргізушілерді де шақырған.

Енгізілген төтенше жағдай режимін, сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандар табылып, жауапқа тартылған. Енді олардың ісін сот тағы қарайды. 

«Түнгі сағат 23.30 шамасында Алматы-Қапшағай тас жолында "БМВ" маркалы автокөлік құралдарының қатысуымен жарыс болған. Қазіргі уақытта азаматтардың жеке тұлғалары анықталды, олар Қапшағай қаласының тұрғындары. Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБК 476-бабы "Төтенше жағдай режимін бұзу", 597-бабының 3-бөлігі "Басқа көлік құралдарының жол жүрісіне кедергі келтіруге әкеп соққан, көлік құралдарын жолдың жүру бөлігінде тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу" бойынша хаттама толтырылған», - деп хабарлады Қапшағай ҚПБ бастығы Манат Айтмуханбетов.    

Ұсталғандар өз әрекетінің қате болғанын мойындап, ерсі қылықтары үшін елден кешірім сұрады. Алайда, әумесер жігіттердің ісі жақын арада сотқа жіберіледі.

«Біздің міндетіміз - қоғамдық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әсіресе елдегі ерекше және төтенше жағдай кезінде. Қазіргі уақытта біз барлық интернет ресурста орналасқан жарияланымдарға мұқият талдау жүргіземіз. Белгіленген талаптарға қайшы келетін барлық материал бойынша заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қолданылуда», - деп толықтырды сөзін Айтмуханбетов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.