$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.03.2020, 02:20
Оқиғалар

СҚО-да төтенше жағдай талабын бұзған 17 дәмхана иесі қамауға алынды

СҚО-да төтенше жағдай талабын бұзған 17 дәмхана иесі қамауға алынды

Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай талаптарын бұзған 17 кафенің иесі 5-тен 10 күнге дейін әкімшілік қамауға алынды. Бұл жөнінде жергілікті «QYZYLJAR» арнасы арқылы онлайн брифинге қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Брифинг барысында індетпен күрес, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономиканы қолдауға арналған шаралар туралы сөз қозғалды. 

«Петропавлда Ресейден келген 27 жастағы әйелден коронавирус анықталды. Науқас провизорлы стационарға жатқызылды, денсаулығы бірқалыпты. Байланыста болған адамдар да карантинде. Жағдай толық бақылауда. Қазір облыста сақтық шаралары күшейтілді. Аса қажет болмаса, көшеге шықпау керек. Үйде отырған абзал.  Қонақ шақырып, той жасауға тыйым салынады. Туысқандардың денсаулығын ойлаңыздар.

Мемлекеттік комиссияның отырысында Президент жұмыссыз қалған азаматтарды және бизнесті қолдауға бағытталған шараларды ұсынды. Облыста арнайы дағдарысқа қарсы жоспар бекітілді. Азық-түлік қоры жеткілікті. Елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімі жасалып, олардың бағасын мемлекет реттейтін болады. Төтенше жағдай кезінде адамдар табысынан айырылуда. Кәсіпорындар мен жеке компаниялар жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр. Осы категорияға мемлекет материалды көмек көрсетеді», - деді Құмар Ақсақалов.

Брифингте сырқаттан қосымша сараптама алынып, Алматы қаласындағы зертханаға жіберілгендігі жайында да айтылды. Қорытындысы жақын күндері жарияланбақ. Онымен қарым-қатынаста болғандар анықталып, стационарлық және үй карантиніне жатқызылған.  Солтүстік Қазақстан әкімі өңірге көліктің барлық түрімен келіп жатқан жолаушылар арнайы сауалнама толтырып, тексерістен өтіп жатқанын хабарлады.

«ХҚО уақытша жабылды. Қызметтерді интернет арқылы онлайн режимде алуға болады. Қоғамдық орындар мен көліктер зарарсыздандырылуда. Кафе, бар, компьтерлік клуб сынды 17 нысанның қожайындары 5 күннен 10 күнге дейін әкімшілік қамауға алынды. Біз төтенше жағдай талаптары сақталмаса, барлық орындарды жабуға құқылымыз», - деді Құмар Іргебайұлы.

Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылар тегін азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алатын болады. СҚО бойынша бұндай көмекке 3 мың 669 адам ие болмақ. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары