Қазақстанда коронавирустан бір әйел көз жұмды - Абаев
Нұр-Сұлтан қалалық Денсаулық сақтау басқармасы қаза тапқан науқас жайлы ертең толық ақпарат береді

Бұл онлайн брифинг барысында Ақпарат және қоғамдық және даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті.
«Өкінішке қарай, бүгін коронавирустан ауырған бір әйел азамат қайтыс болды. Бұл ауыр қаза. Марқұмның жақындарына көңіл айтамыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар вирустың ел ішінде таралуы өсіп келе жатыр»,- деді ол.
Бұдан бөлек, министр бүгін Үкімет үш мегаполисте жариялаған шектеулерге қатысты ақпар берді.
«Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына қатысты шектеулер комендаттық сағат емес. Бірақ ол талаптарды қатаң сақтау керек. Сақтық шараларын орындаңыздар. Үйде болыңыздар»,-деді министр.
Соңғы дерек бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша індет жұқтырған 61 адам тіркеліп отыр. Алматы қаласында – 40 адам, Қарағанды қаласында – 2, Шымкент қаласында – 2 адам, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында – 1 адам, Жамбыл облысында – 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам, жалпы саны 109 науқас тіркелді.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан