«Тежегіші істен шыққан»: Алматыда жүк көлігі төрт жеңіл көлікті соқты
Медициналық көмекке алты адам жүгінген, оның ішінде ауыр жүк көлігінің жүргізушісі де бар

Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойында ірі жол апаты орын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 тамыз күні сағат 15:05-де Mercedes автокөлігінің жүргізушісі Алматы қаласы Жамақаев көшесі бойымен солтүстік бағытта келе жатып, әл-Фараби даңғылының қиылысында бөлгіш қоршауға соғылып, тура жүріп кетіп, даңғылдың бойымен батысқа қарай келе жатқан үш көлікпен соқтығысқан.
ЖКО салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы зардап шекті.
«Бұл деректі Бостандық аудандық ПБ-ның қызметкерлері тіркеп, өндіріске енгізді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, ЖКО көліктің техникалық ақаулығынан орын алған. Жеке тасымалдау қызметін көрсететін жүк көлігінің жүргізушісі К.есімді азаматтың айтуынша, жүк көлігінің тежегіштері істен шыққан. Объективті мән-жайлар анықталуда», - деп хабарлады полициядан.
Медициналық көмекке алты адам жүгінген, оның ішінде ауыр жүк көлігінің жүргізушісі де бар.