Заречный кентінде тұрғын үй өртеніп, екі адам зардап шекті
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр

17 тамызда Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері Қонаев қаласы Заречный ауылындағы Школьная көшесінің бойында орналасқан сегіз пәтерлі тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Сағат 04:21-де өрт сөндірушілер келген уақытта үйдің шатыры мен екінші қабаты жанып, артынша шатыры опырылғаны анықталды. Өрт туралы хабарлама кеш түскендіктен оны сөндіру жұмыстары қиындады. Қонаев қалалық өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына дейінгі қашықтық 20 шақырымды құрайды.Өрттің шығу себебі анықталуда.Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін 15 адам өздері эвакуацияланды, оның екеуі жарақат алған.Өрт сағат 05:10-да оқшауланып, сағат 7:20-да толықтай жойылды», - деп хабарлады Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 10 қызметкер мен 3 бірлік техника жұмылдырылды.
Өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлері өз өміріне қауіпке тігіп, өрт орнынан газ баллондарды шығарды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өрт орнына барып, өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесті (24 адам, оның ішінде 10 бала). Қонаев қаласының әкіміне зардап шеккендерді Қонаев қаласының қонақ үйіне орналастыруды тапсырды. Жергілікті атқарушы органдар заңнамада белгіленген тәртіпте өрттен зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу жөнінде шаралар қабылдайтын болады.