Қызылордада жасөспірімдерге алкоголь өнімін сатқан 8 сатушы жауапқа тартылды
Түнгі уақытта жасөспірімдердің ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 102 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды

Қызылордада жасөспірімге алкоголь өнімін сатқан сегіз сатушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралары, «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз, балалар» атты акциялар өткізілді.
Осы жылдың жеті айында облыс көлемінде ювеналды полиция бөліністерінің қызметкерлерімен 5330 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде 218 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызды, 40 жасөспірім қылмыс жасағандары үшін ұсталды. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 3934 жасөспірімнің заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қызылорда облысындағы қоғамдық орындар мен көшелерде, түнгі клубтарда, кафе-барлар мен мейрамханаларда мектеп оқушыларының түнгі жүрістерін анықтау, бей-берекеттіліктің алдын алу, олар тарапынан түнгі уақытта болатын құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті кешкі сағат 22:00-ден бастап рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр.
Әрбір рейд бойынша ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, топтасып жасалған құқық бұзушылықтың зардаптары, оның жауапкершілігі туралы айтылды.
Нәтижесінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 102 кәсіпкер, кәмелеттік жасқа толмағандарға және кәмелетке толмағандардың темекі бұйымдарын сату дерегі бойынша 5 тұлғаға, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқаны үшін сегіз сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.