Алматыда 44 жастағы ер адамның үйінен қару-жарақ пен есірткі табылды
Аталған дерекке қатысты сараптамалар тағайындалды
Алматылық тұрғынның үйінен қару-жарақ пен есірткі табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы полицейлері қалалық прокуратураның үйлестіруімен «Есірткі бизнесімен күрес» жобасы аясында арнайы іс-шараны жүргізді.
Аталған дерекке қатысы бар деп 44 жастағы С. есімді Алматы қаласы Түрксіб ауданының тұрғыны ұсталды.
«Біздің жедел деректерге сәйкес, күдікті есірткі заттарын, атап айтқанда, марихуананы заңсыз сатумен айналысады. Оның үйін рұқсат етілген тінту кезінде, сарайында әскери қол гранатасына ұқсас затты, Макаров тапаншасына ұқсас қаруды, патрондарды, есірткіні қолдануға арналған екі пластик ыдыстарды, ішінде заты бар шыны талшықты қапшық, сондай-ақ соған ұқсас заты бар екі полиэтилен байлам табылды және тәркіленді. Сонымен қатар бақшадан жабайы өсетін қарасораның ерекше иісі бар жасыл өсімдік заты салынған екі бақша ыдысы табылып, тәркіленді», – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Бұл дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркелді.
Сараптамалар тағайындалды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.