Шымкентте көршісінің 12 жасар баласын ұрған ер адам қамауға алынды
Полиция қызметкерлері екі жайт бойынша әкімшілік іс жүргізді

Шымкентте ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны және денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 14 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұран АПБ-на екі азамат көрші тұратын ер адамға қатысты арызданды.
Бір мәлімдемеде көршісінің 12 жасар баланы ұрғаны айтылған. Ал екінші арызданушы ер адамның оны қорлағаны туралы хабарлады.
Полиция қызметкерлері екі жайт бойынша әкімшілік іс жүргізді.
Құқық бұзушыға қатысты денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұсақ бұзақылық жайттары бойынша ӘҚБтК-нің 73-1-бабы 1-бөлігі және 434-бабы бойынша хаттамалар толтырылды. Жинақталған іс-құжаттар қарау үшін мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды.
Алайда ер адам бойтасалап үлгерген. Патрульдік полиция полкінің экипаждары оны іздеуге және ұстауға бағытталды.
Бүгін тәртіп сақшылары оны ұстап, сотқа жеткізді.
Сот қаулысымен ер адам 14 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.