$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.08.2023, 23:27
Оқиғалар

Шымкентте гүл ұрлаған ер адам бұрынғы полиция қызметкері болып шықты

Ол 19 мамырда өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған

Шымкентте гүл ұрлаған ер адам бұрынғы полиция қызметкері болып шықты
Бейнеден кадр

Шымкентте дүкеннен гүл шоғын күшпен алып кеткен ер адам аудандық полиция басқармасының бұрынғы қызметкері болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ telegram-арнасына сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 8 мамырында ер адам флористті қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен. Ол 1989 жылы туған Б. есімді азамат. Әкесі жоқ, анасы зейнеткер.

Тұран АПБ-ның 102 арнасына жанжал туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барған. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.

Бұл жайтқа қатысты Тұран АПБ-да ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен «Жәбiрленушiнiң өмiрiне н/е денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау» сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат ағымдағы жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.

Ал екінші бейнежазбадағы жағдай бөлек оқиға. Видеода көрсетілгендей, ақ футболка киген адам үстелден қайшыны алып, гүл сатушыға қарай бет алады. Бұл жайт 8 тамыз күні болған. Аталған жағдайға қатысты полицияға сатушыдан ешқандай арыз түскен жоқ. Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерді мониторинг жасау барысында анықталды.

Полиция қызметкерлері бұзақыны анықтап, Тұран АПБ-на жеткізді. К. есімді азамат 1990 жылы туған Түркістан облысының тумасы болып шықты. Шымкент қаласында тұрады. Оның әкесі – 1952 жылы туған зейнеткер. Бәйдібек ауданында тұрады.

Ер адам сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабына («Ұсақ бұзақылық») сәйкес 7 тәулікке қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары