Теміртауда маска кимеген сатушы үшін, супермаркет директоры қамауға алынды
Кассир халыққа «бетпердесіз» қызмет көрсеткен

Теміртау қаласында төтенше жағдай режимі кезінде ереже сақталмаған. Азық - түлік дүкенінде халыққа қызмет көрсетіп отырған кассирлер маска мен қолға медициналық қолғап кимеген. Осыған байланысты супермаркет директоры қауіпсіздік ережелерін сақтауды қадағаламағаны үшін, он күнге қамауға алынды, деп хабарлайды облыстық Полиция Департаментінің баспасөз қызметі.
«Осы супермаркетте кассирлер бетперде мен қолғап кимеген, әрі төтенше жағдай режиміне сай, дүкенге кіргендермен шыққандарды алшақтап тұратын кедергілер қойылмаған. Нысанға кірер тұста дезинфекциялық бөлік жоқ. Теміртау қаласының әкімшіліктік сотының шешімімен супермаркет әкімшісі 10 күнге қамалды»,- деп мәлімдеді Қарағанды облыстық, Полиция Департаменті баспасөз қызметінің басшысы Жанатай Сембеков.
Сондай ақ, Шахтинск қаласында сыра сататын дүкен қожайыны да үш күнге қамалды. Ол төтенше жағдай режимі кезінде тыйым салынған уақытта сыра сатқан. Сонымен қатар, Қарқаралы ауданында 50 адам жинап , ас беруге мүмкіндік берген дәмхана қожайыны да он күнге қамалды.
16 - 23 наурыз аралығында сот Қарағанды облысында төтенше жағдай режимін бұзуға қатысты 18 әкімшіліктік істі қараған. Ереже бұзғандардың тоғызы қамалса, қалған тоғызына айыппұл салды.
Арайлым Еркебаева, Қарағанды