Қазақстандық туристерді елге қайтару үшін 19 чартерлік рейс қатынайды
Көпшілікті алаңдатқан сұраққа Туризм комитетінің төрағасы жауап берді
Коронавирус індетіне байланысты туристік жолдама алып, жоспарлаған еліне саяхаттау мүмкіндігінен айырылған қазақстандықтарды алаңдатқан сұрақтарға еліміздің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Ырысбеков жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Оның айтуынша, жолдаманы тапсырғысы келген азаматтардың қаражат шығынын туристік компаниялар қайтарулары тиіс.
«Қазақстанда жолдамаларды сату негізгі 4 қатысушыдан тұрады. Ол: туроператор, турагент, әуекомпаниялары және шетелдік қонақ үйлер. Туристік қызмет туралы заңның 15 бабына сәйкес, көрсетілген қызметті алушы алдындағы барлық міндеттемелер бойынша туроператор жауапты. Компания нақты келтірілген шығындарды шегере отырып, тұтынушы қаражатын қайтаруды қамтамасыз етеді»,-деді ол.
Елде және әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты, азаматтар туристік компаниялардан бір мезетте ақшаларын қайтару мәселесін көтеріп жатыр. Бірақ көптеген компаниялар олардың сұранысын қанағаттандыру үшін қаражат жетіспейтіндігін алға тартуда.
«Турпоераторлар өз серіктестерімен келіссөздер жүргізуде. Ақшаларыңызды қайтара алмайтын жағдайда, демалыс күндерін ауыстыру мүмкіндігі бар. Егер, туристік агент ақшаны қайтармайтын болса, онда ол бұл шешімді хат түрінде растауы қажет. Содан кейін аталған хатпен сотқа жүгіне аласыздар»,-деді Дастан Ырысбеков.
Тағы бір мәселе қазақстандық туристерді елге қайтару. 18-ші наурызындағы мәлімет бойынша, шетелде демалып жатқан қазақстандық туристердің саны - 5914 адамды құрап отыр.
«Үш күннің ішінде шетелдегі азаматтарды елге қайтару үшін 14 чартерлік рейс жасалды. Жалпы саны – 2 818 адам елге қайтарылды. Сонымен қатар 18-ші наурыздан бастап 23-ші наурызға дейін 19 чартерлік рейс қатынайды. Бүгін 733 жолаушыны алып келетін 4 рейс жоспарланып отыр. Тұрақты рейстермен 1879 адамнан 1695 адам елге қайтып келді. Соның ішінде 319 РФ арқылы 23-ші наурызға дейін елге қайтаруға жоспарланған болатын.
Ресей қазақстандық азаматтардың ел аумағына кіруіне тыйым салған еді. Қазіргі таңда ол мәселе ел үкіметінің көмегімен шешілді. Ресей әуежайында қалып қойған 55 азаматты елге қайтару бойынша шаралар жасалынды. Алдағы 2-3 күн ішіде РФ арқылы елге келе жатқан қазақстандық азаматтар осындай қиындықтарға тап болмайды деп үміттенеміз»,-деді Туризм индустрия комитетінің төрағасы.
Айта кететіні, шетелдегі қазақстандықтарды елге қайтару Қазақстан үкіметі «Туристік қамқор» Қорының қаражаты есебінен ұйымдастырылуда.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан