«Ұялы телефонын ұрлаған»: Ақтауда жас қыз алаңдағылардан айқайлап көмек сұрады
Жергілікті полиция әлеуметтік желіде таралған видеоға қатысты түсініктеме берді

Әлеуметтік желілерде Ақтауда көшедегілерден айқайлап көмек сұраған қыздың бейнежазбасы тарады. Кадрлардан ер адам оның қолынан ұстап тұрғанын көруге болады, ал қыз «көмектесіңдер» деп айқайлайды. Маңғыстау полициясы қыздың телефонын ұрлағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 11 шағын аудандағы Ынтымақ алаңында болған. Жергілікті полиция аталған видеоға қатысты түсініктеме берді.
«20 шілдеде сағат 02:30 шамасында "102" кезекшісінің пультіне белгісіз адам жәбірленушіге қауіп төндіріп, одан «Samsung» маркалы ұялы телефонын ұрлап, оқиға орнынан қашып кеткені туралы шақыру келіп түсті. Осылайша, күдікті 100 мың теңгеге материалдық шығын келтірді, - деп хабарлады ведомстводан.
Күдікті анықталып, оны ұстау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Бұл факт ҚР ҚК 191-бабының 2-бөлігі (тонау) бойынша Ақтау қаласы полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді», - деп қосты тәртіп сақшылары.