Боксшы Шүменовтің балалы адамды ұрып-соққан оқиғасы: ІІМ қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді
Қазіргі кезде бұзақылық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Ішкі істер министрілігі Астанадағы «MEGA SILK WAY» сауда- ойын сауық орталығындағы бұзақылықты тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство хабарлағандай, 18 маусымда Астанадағы аталған сауда орталығындағы кафелердің бірінде қоғамдық тәртіп бұзылып, келушілердің бірі екіншісін ұрып-соққан.
«Қазіргі уақытта осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталды, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Ішкі істер органдары барлық қажетті жедел-тергеу іс-шараларын жүргізуде. Олардың нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады», - делінген ІІМ хабарламасында.
Еске салайық, жуырда әлеуметтік желіде елордадағы сауда-ойын орталықтарының бірінде екі ер азаматтың жаға жыртысқан видеосы тарады. Кадарлардан кафеде тамақтанып отырған азаматтың орнынан тұрып, көрші үстелде баласын қолында ұстап отырған ер кісіні жұдырықпен ұрғанын көруге болады.
Тақырыпқа орай: «Жәбірленуші жарақат алмады»: боксшы Бейбіт Шүменов ОСО-да болған төбелеске қатысты пікір білдірді
Белгілі болғандай, жұдырығын ала жүгірген азамат танымал боксшы Бейбіт Шүменов болып шықты. Мұны Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев растады.
«Иә, растаймыз, бұл бойынша қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бұзақылық бабы бойынша қозғалды. Қылмыстың ауырлығын сараптама көрсетеді. Шүменов масаң күйде болған жоқ», - деді ол.