Астанадағы ОСО-да төбелес шығарған белгілі боксшы Бейбіт Шүменов қандай жазаға тартылады

Azattyq Rýhy

Қылмыстық іс «бұзақылық» бабы бойынша қозғалды

Астанадағы ОСО-да төбелес шығарған белгілі боксшы Бейбіт Шүменов қандай жазаға тартылады
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Астанадағы сауда-ойын орталықтарының бірінде баласын қолымен көтеріп жүрген ер азаматты ұрып жыққан белгілі боксшы Бейбіт Шүменов болып шықты. Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев Үкіметтің кулуарында болған жайтқа қатысты түсініктеме берді деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жуырда әлеуметтік желіде елордадағы сауда-ойын орталықтарының бірінде екі ер азаматтың жаға жыртысқан видеосы тарады. Кадарлардан кафеде тамақтанып отырған азаматтың орнынан тұрып, көрші үстелде баласын қолында ұстап отырған ер кісіні жұдырықпен ұрғанын көруге болады.

Белгілі болғандай, жұдырығын ала жүгірген азамат танымал боксшы Бейбіт Шүменов болып шықты. Мұны Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев растады.

«Иә, растаймыз, бұл бойынша қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бұзақылық бабы бойынша қозғалды. Қылмыстың ауырлығын сараптама көрсетеді. Шүменов масаң күйде болған жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ журналистер Қайрат Сүнтаевтан болған жайттан қылмыстық әрекеттерді байқамаған учаскелік инспекторға қатысты қандай шара қолданылатынын сұрады.

«Қызметтік тексеру жүріп жатыр, ол қатаң жазаланады. Жуырда ғана министр бұл мәселені көтерді, ол жазаланады. Видеодағы бүлдіршін зардап шеккен жоқ, менің білуімше, жәбірленуші ер азаматты қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеді», – деді вице-министр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.