Баянауылда пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісі анықталды
Заңбұзушылық Майқайың-Баянауыл тас жолы бойындағы Баянауыл ауылынан 30 шақырым жерде болған
«Kiwtas» ЖШС кәсіпорны «Баянауыл» кен орнында құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндірген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының атына Майқайың-Баянауыл тас жолы бойындағы Баянауыл ауылынан 30 шақырым жерде арнайы техниканы қолдана отырып, кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру туралы хабарлама түскен.
«Кәсіпорынға былтыр 20 мамыр айында «ҚазГерСтрой БК» ЖШС-мен жасалған келісім негізінде республикалық маңызы бар Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновск автомобиль жолын күрделі жөндеу үшін «Баянауыл» кен орнында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсат берілген. Алайда, аталған ЖШС мен «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ арасындағы Ереженің 1-тарауының 5-тармағының негізінде шарт бұзылды», – деді басқармада.
Сондай-ақ ведомствода сәйкесінше «KIWTAS» ЖШС мен «ҚазГерСтрой БК» ЖШС арасында жасалған шарт енді рұқсатты пайдалану үшін негіз болып табылмайтынын және өз күшін жойғанын хабарлады. Осыған байланысты басқарма бұл рұқсатты біржақты тәртіппен қайтарып алған.
Сонымен қатар, құжатты бұрмалау фактісі анықталған. Себебі басқарманың рұқсаты берілмеген және Ереже нысанына сәйкес келмейді.
Ведомствода уәкілетті органдардан тиісті шаралар қабылдауды сұрайды.