Шымкентте бұрынғы департамент басшысының орынбасары 10 жылға сотталды
Шымкент соты Н.Теңлібаев пен оның сыбайластарына қатысты сот үкімін шығарды

2018 жылы жемқорлық фактісімен ұсталған ОҚО (қазіргі Түркістан облысы – авт.) Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы Нұрлан Теңлібаев пен оның кеден қызметіндегі әріптестеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. Оларға Өзбекстанмен арадағы шекарада бірқатар кәсіпкерлерден мәжбүрлеп ірі көлемде ақша алды деген айып тағылған еді.
Шымкент қаласының ауданаралық соты аталған қылмысқа қатысы бар 16 адамға қатысты үкім шығарды. Оның 13-і – лауазымды тұлғалар. Сот Н.Теңлібаев пен кедендік посттардың бірінің басшысы Байсапаровты 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал басқа кедендік постардағы лауазымды тұлғалар: Жұмабаев, Әбілдабеков, Бекжанова, Жұмағұлов, Ізтілеу және Табылдиев 7 жылға қамалды. Асқарбековке – 6 жыл, Оспанов пен іске көмектескен Ералхановқа – 4 жыл, сондай-ақ Мәліков пен Тешабаевқа 1 жылдан берілген.
Сотталғандардың бәрі мемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.