Алматыда Halyk Bank қызметкері коронавирус жұқтырған
Қазіргі уақытта онымен байланыста болған өзге қызметкерлер де карантинге жатқызылды
Алматыдаағы Halyk Bank ғимаратында жұмыс істеген кеңесші коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Банк ғимараттарының бірінде кеңес беру қызметімен айналысқан сыртқы ұйымның қызметкері COVID-19 коронавирусын жұқтырғанын хабардар етуді жөн көрдік», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта вирус жұқтырған қызметкер мен онымен байланыста болған өзге қызметкерлердің бәрі оқшауланып, карантинге жатқызылған.
«Банкте кеңесші болып жұмыс істейтін сыртқы ұйымның қызметкерімен тікелей байланыста болған қызметкерлердің клиенттермен жұмыс істемегенін атап өтеміз. Банк клиенттер мен қызметкерлер денсаулығы қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге бағытталған бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алды. Кеңселік үй-жайлар мен бөлімшелерге үнемі санитарлық өңдеу жүргізіледі. Банк бөлімшелері мен банкоматтар әдеттегі тәртіпте жұмыс істейді, барлық операция клиенттерге қолжетімді», – деп атап өтті Halyk Bank өкілдері.
Айта кетерлігі, бүгінге дейін елімізде 9 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталып отыр. Олардың екеуі Нұр-Сұлтанда, жетеуі Алматыда тіркелген.