Алматыда шетелдіктерден 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісінің үстінен іс қозғалды
Оның көлігі арнайы тұраққа қойылды
Алматыда шетел азаматтарын жеткізіп, жол ақысына 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«21 мамырда Алматы халықаралық әуежайы маңында жеке такси қызметін ұсынатын ер адам өз көлігіне үнді елінен келген туристерді отырғызып, қонақүйге дейін мың теңгеге апарып тастаймын деген. Межелі жерге жеткенде ол туристерден 1 180 АҚШ долларын сұраған, бермеген жағдайда сөмкелерді қайтармаймын деп қоқан-лоққы көрсеткен. Сөйтіп шетелдіктер жүргізушіге 800 АҚШ долларын беруге мәжбүр болған», - деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Үнді азаматтары бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына шағым түсірді. Полицейлер 27 жастағы жігітті ұстады. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 194-бабы (Бопсалау) бойынша қылмыстық іс тіркелді.
«Өз кінәсін толық мойындаған ол шетел азаматтарына келтірілген шығынды өтеп берді. Өз кезегінде шетелдік туристер Қазақстан полициясына алғыс білдірді», - делінген хабарламада.
Такси жүргізушісінің көлігі жол жүру ережелерін бұзғаны үшін және төленбеген айыппұлына байланысты арнайы тұраққа қойылды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда шетелдік азаматты әуежайдан қонақүйге дейін 400 еуроға жеткізген такси жүргізушісінің жазаланғанын хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ Алматы әуежайынан қонақүйге дейін 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісі де анықталған еді.