Түркістан облысында кішкентай қызды зорлады делінген күдікті қамауға алынды
Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр
Түркістан облысының полицейлері Арыс ауданындағы кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«21 мамырда Арыс АПБ-ға жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түсті. Арыз негізінде полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде күдіктіні «ізін суытпай» сол сағатта ұстады. Ол Арыс қаласының тұрғыны болып шықты», - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша тіркелді.
Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
«Полицейлер дағдарыс орталығымен байланысып, қызбен психологтар жұмыс жүргізді. Қазір жасөспірім үйінде, сараптама қорытындысына сәйкес, қыздың денесінде басқа да жарақаттар анықталған жоқ. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды. Көрінеу жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде күдіктінің ұсталған сәтіндегі фотосы мен видеосы тараған болатын. Желіде оның бес жасар қызды зорлап, соның салдарынан тамағы жыртылып кеткен қыз бала жансақтау бөліміне түскені жазылған еді.