Елордада күйеуі қатыгездікпен өртеп жіберген әйелдің күнделігі табылды
Сотта жазбаны марқұмның анасы оқып берді
Басты айыпталушының сөзінше, әйелі өзге адаммен көңіл қосқан. Қызғаныштан көзін шел басқан ол келіншегін тек қорқытқысы келгенін айтты деп, хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, айыпталушы бензин құйылған құтыны қайдан алғанын түсіндіре алмаған. Ал марқұмның анасы сотта қызының күйеуіне арнаған жазбасын оқып берді.
«Жаным, мен өлгенмен саған жақсы болмайды ғой. Мен өмір сүргім келеді. Тек сенімен ғана. Сені ғана жақсы көремін»,- деп жазылған күнделікте.
Қазір марқұмның 6 баласы нағашыларының қарауында. Жәбірленуші тарап айыпталушыдан 5 миллион теңге өтемақы талап етуде. Келесі сот отырысы наурыздың 18-іне белгіленді. Айта кетейік, былтыр қазан айында 43 жастағы азамат отбасылық жанжал кезінде алдымен әйелін ұрып-соғып,кейін үстіне от қойған. Денесінің 75 пайызын күйік шалған зардап шегуші кейін көп ұзамай ауруханада көз жұмды.