ШҚО түрмесінде неке қиылды
Ерлі-зайыптылар неке қию рәсімінен кейін ұзақ мерзімді кездесу бөлмесінде екі күн бірге тұрады
Сотталған адамға некесін қиып, оны тіркеуге кедергі жоқ. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеде неке қиылды. Бұл некенің ерекшелігі сол, қалыңдыққа неке сақинасын сыйлай алмайды және неке қию рәсіміне қалағанынша қонақ шақыра алмайды. Осындай жағдайдың бірі ШҚО ҚАЖД ОВ 156/6 түзеу мекемесінде болды. Үйленген жандардың жүрек қалауымен Шемонаиха аудандық АХАЖ бөлімінен маман шақырылып, екі жұп заңды түрде ерлі-зайыпты болып жарияланған.
Қалыңдықтің есімі Әлия, жасы 29-да. Әке шешесімен бірге тұрады. Фабрикада кондитер болып істейді. Неке қию күніне, яғни тұрмысқа шыққан атаулы күнге арнап өз қолымен торт жасап әкелген. Әлияның айтуынша, ауыр қылмыс жасап, 9 жылға бас бостандығынан айырылған адаммен некелескені туралы әке-шешесі біледі екен және еш қарсылық білдірмеген.
Арманның жасы 32-де, жазасын өтеп жатқанына биыл 4 жыл болды. Әлияны жастайынан таниды.
«Өмір болған соң әр адам қателеседі. Жазамды толық өтеуден қорықпаймын. Бостандыққа шықсам мені жақсы көріп, күтетін жандар барын білемін», - дейді Арман.
Әлия Арманның ата-анасымен жақын араласады екен. Осындай бақытты сәттердің бірінде Арманның жақындары қасында бола алмағанына өкініш білдірді.
«Неке сақинасы орнына берілген сымнан жасалған сақина мен үшін өте қымбат. Өйткені, оны күйеуім өз қолымен, жан дүниесімен жасады», - дейді Әлия.
Мекеме басшысы М.М.Сейтахметовтың айтуынша, сотталған адамдардың жұбын тауып, өмірді қайта бастап, мерзімінен бұрын босатылған сәттері көп болған. Сондай-ақ, осы түрмеде жыл басынан бері екі рет неке қиылған екен. Ерлі-зайыптылар неке қию рәсімінен кейін ұзақ мерзімді кездесу бөлмесінде екі күн бірге тұрады.