Алматы облысында зираттарды талқандаған күдікті ұсталды
Күдікті жымысқы әрекетін түнгі мезгілде іске асырған
Алматы облысында зираттардың тас-талқанын шығарған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінген 32 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Бұлтартпас айғақтардың көмегімен еш жерде жұмыс жасамайтын күдікті қылмысын мойындады. Тәртіп сақшылары оның мекенжайынан қолды болған діни кресттердің бірінің бөлігін тапты.
Күдіктінің айтуынша, ол жымысқы әрекетін түнгі мезгілде іске асырған. Бойындағы қорқынышты жеңу үшін ішімдік ішкен. Ал зираттардан ұрланған заттарды бұзып, отын орнына пайдаланған. Тергеу барысында оның жеті қылмысқа қатысы бары анықталды.
«Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Аталған деректерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бары тексерілуде», – делінген хабарламада.