$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«12 жылдан бері атауы жоқ көшені жедел-жәрдем таппайды»: бір отбасы уланып мерт болған ауыл тұрғындарының жанайқайы

Алматы облысы Елтай елді мекенінің Көлащы ауылында 45 үй салынған көшеге 12 жылдан бері атау берілмеген

Алматы облысындағы бұл сұмдық оқиға бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Бір үйлі жан уланып, төрт баласы мен отағасы қаза тапты, ал оның әйелі - балалардың анасы ауруханада жатыр. Көршілер трагедияның мән-жайын айтып, ауылдағы өзекті проблемаларды қозғады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Астана арнасына сілтеме жасай отырып. 

Ауыл тұрғындары көршілерінің үйінде сұмдық жағдай болып жатқанын ести сала, жедел жәрдем шақырған. Алайда, жедел көмек жағдайдың өте қиын екеніне қарамастан бір сағаттан астам уақыт жүріп келген. Өйткені, отбасы қаза тапқан үйдің мекен-жайы жоқ. Сондықтан, ауыл адамдары жол бойы тізіліп тұрып, жедел жәрдемге үйді көрсетіп тұрған.

«Бұл жерде 45 үй бар, бірақ, көшеге сонда да атау берілмейді. Осы жерде тұрғанымызға он екі жыл болды. Ал, жедел жәрдем жалпы қалай табады дейсіз ғой? Кемі бір, бір жарым сағатта жетеді. Өйткені, біз көшеге шығып, тізіліп тұрып, жедел жәрдемге жол көрсетуге мәжбүрміз», - дейді ауыл тұрғыны Сердалы Күлекеев.

Тағы бір тұрғын - Жақсыбай Ғаппаровтың айтуынша, балалар далада жатқан.

«Біз көргенімізде, балалар далада жатты. Бірақ, олар нақты неден уланғанын әлі ешкім дөп басып айта алмай отыр ғой. Газдан ба, басқа нәрседен бе, кім біледі? Қазір аналары ауруханада жатыр. Жалпы, бұл отбасы жақсы адамдар еді», - дейді Жақсыбай Ғаппаров.

Ал, дәрігерлердің айтуынша, жедел жәрдем келген кезде балалар әлі тірі болған.

«Ауруханаға түскенде бәрінің жағдайы бірдей, ауыр еді. Біз бірден қан талдауын жасап, газдан уланды деген пайымға келдік, өйткені, қандарында карбоксигемоглабин өте көп болды. Бірден осы улы затты шығаратындай әрекет еттік. Алайда, төрт баланы құтқара алмадық. Қазір аналарының жағдайы тұрақталды», - дейді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Жүзбеков.

Ал, ауыл адамдарының айтуынша, трагедия болған күні осы үйге қонақтар келіп кеткен. Одан кейін не болғаны, балалар мен әкесі неден уланғаны әлі нақты белгісіз. Алдын ала болжам бойынша, отбасы түгел газдан уланған.

Серіктес жаңалықтары