Оралда автобус жүргізушісінің кесірінен жаяу жүргінші қаза тапты
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Оралда автобус жеңіл көлікке соғылып, соның салдарынан жаяу жүргінші қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қайғылы оқиға 1 мамырда сағат 13.00 шамасында болған.
«Құрманғазы көшесінде, «Бибігүл» дәмханасына қарама-қарсы жерде 53 жастағы автобус жүргізушісі Toyota Camry көлігімен соқтығысты. Соның салдарынан рөлді басқара алмай қалған жеңіл көлік 1965 жылы туған әйелді қағып кеткен. Жол апатынан әйел адам ауруханада көз жұмды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ автобустың екі жолаушысы дене жарақатын алған.
Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.